Тікелей эфир

Қазақтың көрнекті ақыны Есенғали Раушанов қайтыс болды

Ол "Келінтөбе", "Шолпан жұлдыз тұғанша", "Ғайша бибі", "Қара бауыр қасқалдақ" секілді кітаптардың авторы.

Қазақтың аса көрнекті ақыны, жазушы, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Есенғали Раушанов 64 жасында коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы ақын Ақберен Елгезек Facebook-тағы парақшасында мәлімдеді.

Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақ АКСР-інде туған.

Өлеңдері 1973 жылдан бері жарияланып келеді.

1983 жылы "Бердәулет пен Жоламан" атты поэмасы Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті мен "Жалын" баспасының озық шығармаларға жариялаған бәйгесінде бірінші орын алды.

Өзбек классигі Хамза Ниазидің өлеңдерін өзбек тілінен тікелей аударып, жеке кітап етіп шығарды. Ортағасырлық тарихи танымдық жәдігер "Темір жарғылары" да тұңғыш рет қазақ тілінде Есенғали Раушанов тәржімасымен сөйледі.

Өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған.

Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты.

Мәскеуде өткен жас ақын-жазушылар фестивалінің, сондай-ақ Қазақ КСР-і шығармашылық жастарының "Жігер" фестивалінің тұңғыш лауреаты.

Қазақ КСР-і сыйлықтарымен және тәуелсіз Қазақстанның он жылдығы медалімен марапатталған.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. "Құрмет" орденінің иегері. Қазақстанға еңбегі сіңген баспа қайраткері. 

Серіктестер жаңалықтары