Тікелей эфир

2023 жылы Қазақстанды қандай жаңалықтар күтіп тұр? Астрологтардың болжамы

Сурет: pixabay.com
Сурет: pixabay.com
Жұлдызнамашылар 2023 жылы Егіздер, Сарышаян, Суқұйғыштардың байлыққа кенелетінін айтады.

Астролог мамандар 2023 жылы Қазақстанда IT саласының ерекше қарқынмен дамып, ел экономикасының ТМД құрамындағы мемлекеттер ішінде ең үздік болатынын айтады. Мұнымен қатар, олар байлыққа кенелетін үш жұлдыз белгісін атады. 

2023 жылы кімдер байлыққа кенеледі?

Жұлдыз сырын зерттеген мамандардың айтуынша, жаңа жылда Егіздер, Сарышаян, Суқұйғыш өзінің қаржылық жағдайын жақсартады. Осы орайда, астрологтар Егіздерге бойында бұғып жатқан талантты көпшілікке паш етуге кеңес береді. Сондай-ақ, Егіздер үшін іскерлік серіктесті дұрыс таңдау аса маңызды. Өйткені, істің ілгері жүруі тікелей екінші адаммен байланысты болады. Жаңа дүниені үйренгендері де абзал. 

Су белгісі Сарышаяндар да өмірін түбегейлі өзгертеді. Ал Суқұйғыштар айналысып жүрген жұмысын ауыстырып, басқа салаға қадам басуы мүмкін. Жаңа жылда көп саяхаттайды, армандары орындалады және барлығы өзі қалағандай өзгереді. 

Ғылым мен зертханадағы зерттеулер табысты болады

2023 жылдың наурыз айында Плутонның Суқұйғыш белгісіне көшетінін айтады. Мұндай астрономиялық құбылыс соңғы рет 1774 пен 1794 жылдары аралығында болған, дейді астролог Ботагөз Жұмакәрімова.


Оқи отырыңыз: 2023 жылы әйелдер қалай 2 миллион теңгеге жуық ақша ала алады? Декреттік төлем мен оның тәртібі


"Жаңа жылда IT-технология саласы ерекше қарқынмен дамитын болады. Ғылым және зертханамен байланысты барлық жұмыс табысты болады. Медицина саласында жаңа өзгерістердің куәсі боламыз. Осындай еліміз үшін пайдасы мол өзгерістер 2043 жылға дейін жалғасады. Сол себепті келер жылды "барлық бастаманың бастауы" деп атауға болады", – деді астролог. 

Мұнымен қатар, Ботагөз Жұмакәрімова адамдардың саналы шешім қабылдап, өзін-өзі тануға ұмтылатынын бөлісті. 

Үй бағасы қымбаттайды

Өкінішке орай, астролог Александр Горбунов "үй бағасы шарықтамаса, арзандамайды" деп болжам жасап отыр. Десе де, 2023 жыл қазақстандықтар үшін белсенді болу, мықты серіктестер табу және алдына қойған мақсатына жететін жыл болмақ. 


Оқи отырыңыз: Жұт, аштық және Ақтабан шұбырынды. Қазақ неге қоян жылынан қорқады?


"Келер жылдың екінші жарты жылдығында пәтер бағасы шарықтайды. Үй бағасы арзандайды деп күтпеңіздер. Осы орайда, мемлекет жағдайды тұрақтандыру үшін жеңілдетілген ипотека бағдарламаларын жүзеге асырып, үйдің пайыздық мөлшерлемесі төмендейді. Біраз адам осы мүмкіндікті пайдаланады", – деді Александр Горбунов. 

Қазақстан IT саласында серпіліс жасайды

Астрологтар Изадги Иса Аль Гур мен Александр Горбунов 2023 жылы Қазақстанның IT саласында жоғары жетістіктерге қол жеткізетінін мәлімдеді. 

"Қазақстан экономикасы гүлденіп, ТМД елдері арасында үздік атанады. Мұнымен қатар, көптеген қазақстандық өз күшіне сене бермейді. Бізде мықты және талантты азаматтар өте көп. Бар болғаны олар өзгені айыптауды қойып, "басы мен қолына" сенуі керек", – деді Изадги Иса Аль Гур.


Оқи отырыңыз: Қаралы қаңтар, жаңа облыстар, президент сайлауы. 2022 жылдың басты оқиғаларына шолу


Аурудың жаңа түрі тарайды

Желіде танымал астролог Жанна Құдайбергенова 2023 жылы психологиялық аурулардың өршитінін айтады. 

"Жаңа жылда психологтардың көп жұмыс істеуіне тура келеді. Сондай-ақ, аурудың жаңа түрі немесе адам белгісін бірден байқамайтын ауру таралады. Ғалымдар оның құпиясын аша алмауы да мүмкін. Десе де, жағымды жаңалықтар жетерлік, мысалы, қайырымдылық ұйымдары көбейеді", – деді Жанна Құдайбергенова.

Мұнымен қатар, ол адамзаттың параллель өмірді зерттеуге қызыға бастайтынын айтады. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары