Тікелей эфир

Балаға ингаляция жасау кезіндегі қателіктер қандай? Дәрігер кеңесі

Ингаляция тек дәрігердің нұсқауымен жасалады, процедура кезінде баланы жалғыз қалдыруға болмайды.

Ингаляция ринит, гайморит, бронхит, созылмалы өкпе қабынуы сияқты аурулардың алдын алу және оларды емдеу мақсатында дәрігердің ұсынысы бойынша ғана қолданылады.

Педиатр Сәулет Бекболаттың айтуынша, балаларда жөтел енді басталып келе жатқанда ингаляция жасау ұсынылады. Ингаляция жасайтын аппарат болмаған жағдайда қолда бар заттарды да кәдеге жаратуға болады. Мәселен, ас үй ыдысына (тостаған не шұңғыл тәрелке) ыстық су құйып, соған еңкейіп, басты сүлгімен қымтап алу керек. Бумен бірнеше мәрте демалу – жөтелді бусандырады. Егер ингалятор аппараты болса, бұл процесс жеңілдей түседі.

№1. Небулайзер деген не?

Небулайзер – ингаляция жасайтын аппарат. Ол өкпенің төменгі бөлігіне, яғни төменгі тыныс алу жолдарына дәріні тиімді жеткізеді. Небулайзерге құйылған дәрілік сұйықтық қысымның әсерінен аэрозольге айналады. Небулайзер негізгі блоктан, түтікшемен жалғанған және ауыз бен мұрынды жабатын маскадан тұрады. Аппаратта сығылған дәрі буға айналып, демалған кезде қабынған тыныс алу жолдарына әсер етеді.

"Ингаляцияға қолданылған дәрі қанға сіңбейді, сондықтан ағзаға қосымша (зиянды) әсер бермейді. Сондықтан небулайзерді кішкентай балаларға да қолдана береді. Небулайзермен ингаляция жасау кезінде ауызбен тыныс алу керек. Құралдағы дәрі біткенше (шамамен 10 минут) отыру керек", – дейді Сәлет Бекболат. 

Ингаляторға құйылатын дәріні және оның мөлшерін тек педиатр белгілейді. Сол рецептке сәйкес, небулайзер аппаратының дәрі құятын ыдысына дәрілік сұйықтық және физиологиялық ерітінді құйылады. Іске қосқаннан кейін аппарат сұйықтықты буға айналдырады. Ингаляция жасау кезінде ауызбен тыныс алу керек. Күніне екі мәрте жасалады. 

№2. Ингаляция жасау ережесі

  • тамақ ішкеннен кейін кем дегенде бір сағаттан соң жасалады;
  • баланың тыныс алуын жиілетпеңіз, басы айналып кетуі мүмкін;
  • ешбір жағдайда балаға ыстық ингаляцияны қолдануға болмайды;
  • науқастың киімі кең болуы керек;
  • өздігінен тыныс ала алатын жағдайда болуы керек;
  • процедурадан соң жарты сағат жату керек (тамақ ішуге болмайды);
  • температура біркелкі болу керек, сондықтан бірден далаға шығуға болмайды;
  • дене температурасы 37 градустан жоғары болса, ешқандай ингаляция жасауға болмайды.

Педиатр  балаға ингаляцияны тек дәрігердің нұсқауымен жасалау керек екенін  ескертеді. Процедура кезінде баланы жалғыз қалдыруға болмайды.

№3. Балаға неше жастан бастап ингаляция жасалады?

Педиатр Сәулет Бекболаттың айтуынша, ингаляторды қанша айдан бастап қолдануға болатынын тек дәрігер айта алады, әсіресе дәрі-дәрмек қолдану қажет болса. Интернетте небулайзермен бір айдан бастап ингаляция жасауға болады деген ақпарат бар. алайда процедураны тек дәрігерге қаралған соң, нұсқауы бойынша бастау керек. 

№4. Балаларға арналған ингаляция ұзақтығы

Бір ингаляцияның орташа ұзақтығы әдетте 10 минуттан аспайды. Кейде мұндай процедуралар азаяды немесе керісінше жоғарылайды. Сонымен, бір жасқа дейінгі балаларда ингаляция 5 минуттан аспайды.

№5. Ингаляцияны балаларға қай жағдайда жасауға болмайды?

  • дене қызуы 38 градустан жоғары болса;
  • өкпеден қан кетсе;
  • баланың жалпы жағдайы ауыр болса.

№6. Ұйқыдағы балаға ингаляция жасауға бола ма?

Педиатрдың айтуынша, егер бала ояу жүргенде ингаляция мүлдем жасатпаса, ұйықтап жатқан кезінде маска арқылы жасауға болады. Алайда минералды сумен ингаляция жасауға болмайды. Өйткені, минералды су стерильді емес. Сонымен қатар, оның құрамындағы көмірқышқыл газы дене тіндерінде гипоксияны (оттегінің жетіспеушілігін) арттыруы мүмкін. Бір ингаляторды бірнеше адамның пайдалануына болады, бірақ дезинфекция талаптарын мұқият сақтау қажет. Түтікше мен маска науқастың беті мен тыныс алу мүшелерімен жанасатындықтан, ол арқылы жұқпалы ауру таралуы мүмкін. Сондықтан, ингаляторды бір адам қолданғанна кейін жақсылап тазартып, дезинфекция жасау қажет.

№7. Небулайзер гигиенасы

Әр ингаляторға арналған нұсқаулықта ингаляторды үйде залалсыздандыру бойынша жалпы ұсыныстар бар. Гигиенаның негізгі ережелеріне сәйкес, ингаляциядан кейін құрылғы қарапайым түрде тазартылады, ал аптасына бір рет небулайзердің барлық компоненттерін түгел тазарту жүргізіледі.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары