Тікелей эфир

Тектанушы Әлия Сағымбаева: XX ғасыр қасіреті қазақтардың бойынан 3-4 ұрпақ алмаспай кетпейді

Сурет ашық дереккөзден алынды
Сурет ашық дереккөзден алынды
Өткен ғасырда қазақ халқының басынан өткен нәубет туралы ашық айтылып, жазылуы керек. Мұндай мәселелерді құпия ұстау мемлекетке де көптеген проблема тудырады.

Қазақстандық тектанушы Әлия Сағымбаева адам өмірінде болып жатқан оқиғалар, отбасындағы жанжалдар мен бизнестегі сәтсіздіктердің себебі оның ата тегінде жатуы мүмкін дейді. Оның айтуынша, адам өміріне оның үшінші не төртінші буындағы ата- бабасының өмір салты қатты ықпал етеді.

Әлия Нұрпайқызы, өзіңіз 15 жыл мектепте мұғалім болған екенсіз. Тектануға қалай келдіңіз?

– Иә, мен ұзақ жылдар бойы мектепте жұмыс істедім. Семей облысы, Үржар ауданындағы бір мектепте директордың орынбасары болдым. Ал 2000 жылы жолдасымның жұмыс бабымен елордаға көшіп келдік. Астанаға келген соң психологиялық бағыттағы кітаптарға қызығушылығым оянды, түрлі семинарларға қатыса бастадым. Сол жылдары Мирзакарим Норбеков деген белгілі ресейлік маман елордада курс жүргізді. Ол кісі курсында негізінен сопылық ілімдегі жаттығуларды пайдаланатын.

Норбековтің 2005 жылы өткізген 10 күндік тренингі қатты есімде қалды. Оған Қазақстанның әр түкпірінен 71 адам қатысқан еді. Тренингтің тақырыбы "Қалай баюға болады" деп аталды. Ол кезде есіл-дертіміз шынымен де тез баю болатын. Тренингте Мирзакарим Норбеков алдымызға шығып, бай болудың жолдарын айтудың орнына қазақ халқының шежіресі туралы айта бастады. "Қазақ халқы өзінің ата-бабасын жақсы білген, шежіре не үшін керек, тегіңді білудің маңызы қандай?" деп, соның мағынасын түсіндіре бастады. Залда отырғандар оған аң-таң боп қарап қалыппыз. Көбісі "бай болудың жолын айтамын деп шақырып, ата тек туралы әңгіме қозғап кеткені несі?" деп түсінбей отырды. Сол кезде маған "тегімде болған оқиғалар қазір менің өміріме әсер беріп жүрген шығар" деген ой келді.

Сол жылдары "көкейімдегі барлық сұрағыма жауап беретін нақты бір сала бар ма?" деп көп ойландым. Ол кезде "Дат" деген газетті жиі оқитынмын. Бір күні сол газетте ресейлік тектанушылар, ерлі-зайыпты Докучаевтар туралы қысқаша хабарлама жарияланды. Дереу сонда жазылған телефон нөміріне хабарластым. Тектану әдісі Ресейде 1995 жылдан бері дамып келе жатыр. Валерий Докучаев физика, математика саласының, ал жұбайы Лариса Докучаева философия ғылымдарының кандидаттары. Сол кісілерді елордаға шақырып, осында семинар өткізуіне көмектестім. Алғашқы семинарда-ақ өзімді мазалап жүрген сұрақтарға жауап таптым. Ата- бабамның өмірінде болған оқиғалар менің өмірімде қалай қайталанып келе жатқанын білдім.

Сізді мазалап жүрген қандай сұрақтар еді?

– 2 баламды дүниеге әкелгеннен кейін күйеуім үшін қатты алаңдай бастадым. Оған бірдеңе болып қала ма деп уайымдап отыратынмын. Үйден шықса болды, мазам кетеді. "Қайда жүрсің, нешеде келесің?" деп сұрай беремін. Ер адамдар ондайды жақтырмайды ғой. Ұлым мен қызым ержетіп келе жатты. Оларды оқуға, өз бетімен жіберу керек екенін ойласам, жаным жай таппайтын. Кішкене ауырып қалса, бітті, қатты мазасыздандым. Осы бір психологиялық қорқыныштың жауабын тапқым келді. Осыны маған кім түсіндіріп берер екен деп жүрдім. Барлық сұрақтың жауабын тектанудан таптым.

Тектануда генограмма деген сызбанұсқа бар, ол шежіреге ұқсайды, бірақ, бірдей емес. Шежіреге тек әке жағынан туыстар кірсе, ал, генограммада әйел адамдар да есепке алынады. Осылайша, тектің заңдылығын білуге болады.

Менің өз әжем 28 жасында, нағашы әжем 33 жасында жесір қалған екен. Тура сол 33 жасқа келгенде менде әлгі "күйеуімді жоғалтып аламын-ау" деген ішкі үрей пайда болды. Қазақтар жалпақ тілмен мұны "тұқымқуалаушылық" дейді.

Біз мұны әлі кәсіби психология тіліне аударған жоқпыз. Біреулер мұны "мұрагерлік жад" деп атап жүр. Кезінде Валерий Васильевич Докучаев "адам – өзін-өзі программалайтын жаратылыс иесі" деп жиі айтатын. Яғни, сен неге сенесің, сол орындалады.

Оқи отырыңыз: Екі миллион бойдақтың арасынан жар таппаған қыздардың бес қорқынышы

– Қорқынышыңызды қалай жеңдіңіз?

– Тектанудың қорқынышпен жұмыс істеу әдістері арқылы жеңдім. Әжелерімді әрдайым есте сақтаймын, ол кісілердің әруағын сыйлаймын. Бірақ, менің жолым басқа. Олардың кешкен тағдыры бөлек. Мен ол кісілердің тағдырын қайталамайтынымды, менің өмірім басқаша болатынын өзіме жақсылап түсіндіруім қажет екен. Мен күйеуіммен ұзақ жылдар бойы бірге өмір сүремін деп өзімді сендірдім. Нағашы әжем ашаршылық кезінде қашып-пысып жүрген кезде 9 баласынан, өз әжем 2 баласынан айрылған екен. Бірақ, мен өзімді олардың өмір жолымен жүрмеймін деп сендірдім. Осылайша, тектану арқылы ішкі қорқынышымды жеңгеннен кейін осы саланы кәсіби түрде оқып алдым. 2006 жылдан бастап қазақстандықтарға кеңес беріп жүрмін. Валерий Докучаевты Қазақстанға 14 жыл қатарынан шақырып, түрлі тақырыпта семинарлар өткіздік. Ол кісі 2017 жылы өмірден өтті.

Қазақстанда тектануға қызығушылық танытып жатқандар көп пе? Скепсиспен қарайтындар жиі кездесе ме?

– Иә, күмәнмен қарайтындар бар. Кез келген ғылымды жақтаушылар да, теріске шығарушылар да болады. Біреулер түсініп кетеді, кейбіреулер өмір бойы жоққа шығарумен өтеді. Тектану бізге ата- бабаларымызды ұмытпау үшін керек. Әйтпесе, тамыры жоқ қаңбақ құсап кетеміз. Қазақта "тегін білмеген – тексіз" деген ауыр сөз бар. Англия, Бельгия, Нидерландтар сияқты батыс елдерінде тек қана ақсүйек отбасылар өзінің шежіресін зерттейді, біледі. Ал, бізде қазақтардың көпшілігі өзінің жеті атасын жақсы білген. Тектанудың екі бағыты бар: біріншісі – тектілік мәдениеті. Ол көптеген ұлттарда кездеседі. Баланы қалай тәрбиелеу керек, әйел мен ердің арасындағы қарым-қатынас қандай болуы қажет? Ал, екінші бағыты – тектану арқылы адамға психологиялық шиеленісті шешу жолдарын көрсету.

Генетиктердің зерттеуі бойынша, адамда қалыптасқан мінез-құлық пен әдет 3-4 ұрпақ алмасқан соң, белсенді білінеді екен. Ал 1 ұрпақтан кейін тіпті қатты білінеді. Демек, аталарымыз бен әжелеріміз – біздің өміріміздің сценариін жазушылар. Әке-шешеміз режиссер болса, біз – актерміз.

Біздің психологтар мен психотерапевтерден айырмашылығымыз – адамның өмірінде болып жатқан жағдайларға ата-бабаларының өмірінен жауап іздейміз. Тектану бойынша, негізгі жауап ата-әжеміздің жүріп өткен жолында және төрт буын бұрынғы бабамыздың өмірлік сценариінде жатыр.

Қазір Қазақстанда менің 23 әріптесім бар. Барлығы осы тектану саласын кәсіби түрде оқыған, бәрінің сертификаты бар. Бастапқыда бізге тек орысша сөйлейтін адамдар келетін. Жақында Instagram әлеуметтік желісінен парақша ашып, оны екі тілде жүргізе бастадым. Содан бері бізге қазақша сөйлейтін аудитория да келе бастады.

Балалар үйінен бала асырап алғысы келетін жандар оның тегіне қаншалықты мән беруі қажет? "Шыққан тегін білмейміз" деген себеппен бала асырап алудан бас тартатындар бар. "Бала тапқандікі емес, баққандікі" деп, баланың өмірі тегіне емес, оның алған тәрбиесіне байланысты деген ұстанымды ұстанатындар да бар.

– Асыранды бала өзінің тегінен аттап ешқайда кете алмайды. Дегенмен, оның өмірінде асырап алған әке-шешесінің берген тәрбиесі көбірек рөл ойнайды. Бұл жерде мен мына мәселені айтайын деп едім.

Қазақстанда "бала асырап алу құпиясы" туралы заңнама бар. Соған сәйкес, елімізде көптеген ата-аналар баласынан оның биологиялық әке-шешесін жасырады. Мен мұны онша құптамаймын. Асырап алынған бала өзінің шыққан тегін, ата-анасын білгені дұрыс.

Валерий Докучаевтың Қазақстанға келген бір сапарында оған қазақтың әмеңгерлік дәстүрі туралы айтып бергенбіз. Сонда ол кісі "это же профилактика социального сиротства" деп таңғалды. Қазіргі тілмен айтқанда, кезінде осы әмеңгерлік салтының арқасында қазақтарда жетім болған жоқ. Жетім қалған баланы туыстары, руластары асырап, "сенің әкең анау, руың мынадай" деп құлағына құйып отырған.

Өкінішке қарай, XX ғасырда қазақтың салт-дәстүрі көп өзгеріске ұшырады. Балаға оның туған ата-анасы туралы айтылмайтын болды. Көп жағдайда асырап алған отбасылар бала ес біле бастағанда өзінің биологиялық ата-анасы кім екенін білгісі келетінін, шыққан тегін іздейтінін ескере бермейді. Мұндай жағдайда кейбір балалардың жеке трагедиясы басталады, олар өмірден өзін-өзі таба алмай қалғандай күй кешуі мүмкін. Бізге осындай жағдайға тап болған адамдар көп келеді. Олар айналасындағылардың өзінен бір нәрсені жасырып жүргенін іштей сезетінін айтады. Жалпы, балаға оның шығу тегі туралы ақпараттың неғұрлым ертерек айтылғаны жақсы. Сонда ол оған ауыр психологиялық соққы болып тимейді.

Өз басым бала асырап алған ата-аналар ескерткіш қоюға лайықты жандар деп есептеймін. Тектанушы ретінде олардың тегін зерттегенде байқағаным, көбінің ата-бабасы да қиын-қыстау кезеңдерде бала асырап алған болып шығады.

Олардың арасында қазақ жеріне жер аударылған неміс, шешен және тағы басқа ұлттың балаларын бауырына басқандар бар. Мысалы, біз бала асырап алған қазақстандық беделді бір отбасының шежіресін зерттей келе, ертеректе ата-бабалары 8 неміс баланы панасына алғанын анықтадық. Cондай отбасыларға бала тез сіңіп кетеді. Себебі, олардың гендік жадында бөтен біреудің баласын асырау қабілеті бар.

Өзім байқаған бір нәрсені айтқым келеді. Ұлыбританияда білім алған кезімде үнемі асығып жүретінімді, жалпы бойымда пойызға, ұшаққа, сабаққа кешігіп қалам деген қорқыныш бар екенін байқадым. Мен ентігіп, жүгіріп пойызға отырып жатқан кезде пойыздың жүруіне 2 минут қалғанда келсе де, аспай-cаспай орнына жайғасып жатқан еуропалықтарды көп көрдім. Сондай-ақ, университетте, орталық көшелерде тегін тамақ, сыйлық үлестіру шаралары болса, сол жерде дамыған елдердің емес, өзім сияқты дамушы елдерден келген студенттердің тегін затқа тарпа бас салатынын жиі көретінмін. Бойдағы үрей, ашкөздік, мұның бәрі бізге қайдан келді?

– XX ғасырдан келді. Өзіңіз ойланып көріңізші, өткен ғасырда қазақ халқының басынан не өтпеді? 1917 жылғы Қазан көтерілісі, азаматтық соғыс, 1928 жылғы ірі байлардың шаруашылығын кәмпескелеу, ашаршылық, қуғын-сүргін, II дүниежүзілік соғыс... Бір ұрпақ қаншама қиындықты басынан өткерді. Кейін араға бір ұрпақ салып, біз дүниеге келдік. Егемен елде тұрсақ та, өткен ғасырдағы әлеуметтік дағдарыстардың салдарын әлі күнге дейін сезініп келе жатырмыз. Өкінішке қарай, ол 3-4 ұрпақ алмасқанша ұмытылмайды. "Түнде НКВД жендеттері келіп алып кетеді" деп қорыққан немесе қиын-қыстау кезде бас сауғалап қашқан, аштықты көрген кісілердің ұрпағының бойында үрей, мазасыздық сезімі, ашкөздік, қомағайлық болуы мүмкін.

Оқи отырыңыз: Социогенограмма. Тектің адамның бүгінгі өміріне әсері туралы

XX ғасырдың қасіреті қазақтардың бойынан әлі 3-4 ұрпақ алмасқанша кетпейді дейсіз бе сонда?

– Иә, соған дейін созылуы мүмкін. Сондықтан, өткен ғасырда қазақ халқының басынан өткен нәубет туралы ашық айтылып, жазылуы керек. Оған тарихшы, этнограф, мәдениеттанушылар да белсене үлес қосқаны маңызды. Мұндай мәселелерді құпия ұстау мемлекет үшін де көптеген проблема тудырады. Өткенін білмеген ел болашағын болжай алмайды.

Біз достарымызбен бірлесіп, "Атамның аманаты" деген қоғамдық бірлестік құрдық. Былтырдан бері соғыс кезінде ажал құшқан, тұтқында болған жауынгерлердің сүйегін іздестіріп, елге қайтарып жатырмыз. Ресми дерек бойынша, соғыста 271 503 қазақстандық хабарсыз кеткен. Кеңес үкіметі тұсында көптеген жауынгерлерді туыстарының іздестіруге батылы жетпеген. Әлі күнге дейін жоғалған туысының атын аузына алмай отырғандар да бар.

Қазір "Рухани жаңғыру" деген бағдарлама туралы көп айтылады. Біз жанкештілікпен қаза тапқан ата-бабамызды ұмыта отырып, қалай рухымызды жаңғыртпақпыз? Әлеуметтік желілерде қоғамдық бірлестігіміздің парақшаларын ашып, қазақстандықтардың соғыста хабар-ошарсыз кеткен туыстарын іздеуіне көмектесіп жатырмыз. Сондай-ақ, бірлестігімізге 1942-1946 жылдарда еңбек әскерінде болған азаматтардың, қуғын-cүргін құрбандарының туыстары көмек сұрап хабарласуда. Оларға "кішкене күте тұрыңыздар, алдымен соғыстан қайтпай қалған ата-бабаларымызды түгендеп алайық" деп отырмыз. Мұқтаж жандарға психологиялық көмек те ұсынамыз. Бастысы, қазақстандықтар ата-бабасын ұмытпай, тегін білсе дейміз.

Cіз қазақ тілін білмейтін қандастарымызбен де жұмыс істейді екенсіз. Тәжірибеңізде тектанудың көмегімен ана тілін тез үйреніп кеткендер кездесті ме?

– Әңгімені әріден бастайын. 1917 жылдан бастап қазақ даласына жаңа дәуір келіп, орыстар өзінің саясатын жүргізе бастады. Олар "орыс тілін білмесең, адам болмайсың" дегенді санамызға әбден құйды. Соның ықпалымен балаларын орыс мектебіне берген жандар көп болды. Әсіресе, шығыс, солтүстік, орталық Қазақстанда орыстандыру саясаты қарқынды жүрді. Ал, орыстар аз болған оңтүстік және батыс аймақтарындағы қазақтар ана тілін барынша сақтап қалды. Қазақты не үшін қырды, не үшін жазғырды, не үшін қуғын-сүргінге ұшыратты? Қазақ болғаны үшін. Осыдан кейін адамдардың түпсанасында "қазақ болу қауіпті" деген үрей пайда болды. Әлі күнге дейін сондай үреймен өмір сүретіндер бар.

Семинарға келген бір азамат маған өзінің қазақ тілін үйренгісі келетінін айтты. Өзінің ұлты – қазақ. Мен оның тегінің тарихын аздап білуші едім, одан "мен қазақпын" деп айтуын өтіндім. Екі-үш рет қайталағаннан кейін ол жылап жіберді. Сәл басылғаннан кейін одан не болғанын сұрадым. Ол "менің ата-бабаларым қазақ болғаны үшін қуғын-сүргінге ұшыраған. Сондықтан, мен қазақпын деп айтуға қорқам" деді. Оның мұрагерлік жадында жатқан проблема осы екен. Оған қазір заманның басқа екенін, "мен қазақпын" деп айтсаң, ешкім қудаламайтынын ақырындап түсіндіруге тырыстым. Жағдайды кәдімгі кішкентай балаға түсіндіргендей ежіктеп айтып, ол мәселенің мән-жайын ұққанда ғана оның тілі шығады.

Тектануда "техника безопасности" деген құрал бар. Мен соны қазақ тіліне аудардым. "Тегіме ризамын. Ата-бабаларымның батасымен тегімді жақсартамын, жаңартамын, жаңғыртамын. Тегімнің абыройы үшін, жалғасуы үшін мен, менің отбасым, туған-туыстарым, бәрі де аман-есен, дендері сау, бақытты, берекелі" деген үш сөйлем. Бұл психология тілінде аффирмация деп аталады. Қазақшалап ұстаным, қондырғы сөз деуге болатын шығар.

Менің семинарыма келген қаншама қазақша сөйлей алмайтын қандастарымыз осы сөзді қағазға жазғанда, олардың ана тілін үйренуге деген құлшынысы пайда болды. Қазір ақырындап сөйлеп жүргендері де бар.

Оқи отырыңыз: Қазақ өз тарихын тануды неге енді ғана қолға ала бастады?

Ата тегін білмейтін немесе өзінің ата-бабасына реніші бар адамдардың өмірінде сәтсіздік көп болып жатса, ол да соның тегімен тікелей байланысты ма?

– Бәрі де текке байланысты. Ата-бабасынан қарғыс алған адамдардың жолы болмайтынын қазір ғылым да дәлелдеп отыр. Тектануда қарғыспен қалай жұмыс істеу керектігін көрсететін әдістер бар. Ресейдің Андрей Ермошин деген мықты психотерапевті де сондай жолды көрсетіп отыр. Адам өз-өзімен жұмыс істей алса, бойындағы қарғысты көріпкел, бақсы-балгер араламай-ақ жоя алады.

Сонда оны тектанудың жаттығулары арқылы жоя ма?

– Мәселе тек жаттығуда емес. Ең алдымен, тектанушыға келіп, кеңес алып, өзінің ата тегінде болған оқиғаларды саралау қажет. Туыстар арасындағы қарым-қатынас қандай болды, кім қарғады, не үшін қарғады, соның бәрін анықтаймыз. Сосын барып, қарғыстан арылу жолын көрсетеміз.

Қарғыс демекші, әлі күнге дейін "жетпегір, үйің күйгір, өлім келгір, маңдайыңа көк тігілсін" деген қарғыстарды күнделікті өмірде беталды қолданатындар бар. Қасақана қарғамаса да, бұл сөздер адамға әсер етуі мүмкін бе?

Иә, әсер етеді. Әрбір сөз – орысша айтқанда "установка". Жақсы сөйлесең, жақсы әсері тиеді, жаман сөз керісінше негатив әкеледі. Сондықтан, әрқашан абайлап, байқап сөйлеген абзал.

– Сіз бір сұхбатыңызда "қазіргі заманда кейбір қыз балалардың тоқал болуға оңай келісуіне олардың әжелерінің тағдыры ықпал еткен болуы мүмкін" дегенді айтыпсыз.

– Иә, менің практикамда ондай оқиғалар да кездеседі. Кезінде әжесі біреудің екінші не үшінші әйелі боп тиген кей қыздардың қанында сондай қабілет бар болып шығады. Бірақ, әжелеріміз бен қазіргі қыздардың жағдайын салыстыруға келмейді. Әжелеріміз қиын заманда өмір сүрді. Соғыстан күйеуі қайтпай қалды, ашаршылықтан аман шығу керек болды. Олар тірі қалу үшін, күнкөріс үшін сондай қадамға барды. Қазір заман басқа болса да, кей қыздарға әжелерінің "біреуге тоқал болсам да, қалай да жан бағуым керек" деген ұстанымы берілген болуы мүмкін.

– Тектанушылар психологиялық бедеуліктің себебін неден іздейді?

– Қазақстандық әйелдердің психологиялық бедеулігінің алғашқы себебі – әжесінің не анасының баласынан айырылғаны. Әжесі не анасы баласынан айырылған немесе бала үстінде қайтыс болған қыздарға "балама бірдеңе болып қала ма?" деген үрей мұрагерлік жад арқылы келеді.

Мұндай әйелдерге біз "бұл – сенің әжеңнің тағдыры. Сен оның өмірін қайталамайсың" деп түсіндіреміз. Сондай-ақ, қыз баланың анасына реніші бар болса, ол да оның бала көтермеуіне ықпал етеді. 16 жылдық тәжірибемде маған бала көтере алмай жүрген 65 әйел келді. Кейін оның 51-і бала көтеріп, 55 cәби дүниеге келді. Арасында егіздер де бар. Бұл әйелдер бойындағы үрей, қорқыныш біржолата жоғалған кезде бірден бала көтерді.

Оқи отырыңыз: Ұлттық құндылықтар қалай жоғалады?

– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда "ру жасы" жайлы жазған екенсіз. Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– Еуропада өткен ғасырдың 50-жылдары адамның ата тегін ерекше мән беріп зерттей бастады. Анн Анселин-Шутценбергер деген француз психологы өзінің "Синдром предков" деген әйгілі кітабында ата-бабасының өмірінде болған жағдайды оның ұрпағы да қайталайтынына назар аударған. Мысалы, бір адам 40 жасында дүниеден озса, оның ұрпақтары да тура сол жасқа келгенде ауырып, қиындықтарға ұшырауы мүмкін. Анн Шутценбергер ата-бабасының тағдырын қайталаған осындай біраз адамның мәліметін жинап, статистикасын жасаған. Ал, бұл заңдылықты "синдром годовщины" (орысша аудармасы) деп атаған. Ал, қазақ халқында бұл "ру жасы" деп аталады.

Қазір мен сізге мысалмен түсіндіріп көрейін. Бірде менің семинарыма "Болашақ" бағдарламасымен шетелден оқу бітірген, беделді компанияда жұмыс істеген бір азамат келді. Жалақысы жоғары, өзі нәтижелі еңбек етіп жүрсе де, қолын бір сілтеп, бір-ақ күнде жұмыстан кетіп қалыпты. "Бәрі керемет болса да, жұмыстан кету туралы бір ой маған маза бермеді. Шынымды айтсам, не үшін кеткенімді өзім де түсінбей қалдым" дейді. Әйелі де оның бұл шешіміне қатты ренжіген. Мен онымен сөйлесіп отырып, екі атасы туралы сұрадым. Алайда, оның анасы балалар үйінде өскендіктен, нағашы атасы туралы мүлдем білмейді екен.

Ал өз атасына менің көзімше телефон соқты. Сонда сұрастыра келе білгеніміз, бұл жігіттің атасы 34 жасында сот болып істеп жүрген жерінен өз еркімен жұмыстан кеткен. Немересі де тура сол жаста халықаралық компаниядағы жұмысынан шығып отыр. Айырмашылығы – бұл сот емес, юрист болып істеген. Одан әрі қазбалай келе бұл жігіттің арғы атасы патшалық Ресей тұсында сот болып қызмет еткенін білдік. 30-жылдардың соңында небәрі 34 жасында қуғын-cүргінге ұшыраған. Яғни, ұрпағы сол атасының өмір жолын қайталап отыр. Бұл ол да қуғын-сүргінге ұшырайды деген сөз емес, бірақ, тура сол жаста, яғни, ру жасында өмірінде сәтсіздіктер басталуы мүмкін.

Байқасаңыз, кейбір адамдар "мен әкемнің жасынан асып қайда барамын, шешемнің жасаған жасынан аспаймын" деп жатады. Бұл бекер сөз емес. Қазақ халқы Еуропаның өткен ғасырда ғана зерттей бастаған механизмін бұрыннан білген. Белгілі мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваның "Вечное небо казахов" деген кітабында да осы "ру жасы" туралы айтылады. Шымкент жақта мұны "тек жасы" деп атайды екен. Мұны сол жаққа барған сапарымда бір үлкен кісіден естідім.

– Кейінгі кезде қоғамда ажырасқан, толық емес отбасылар көбейді. Бұл жағдай сол отбасылардың келесі буынында көрініс табуы мүмкін бе?

– "Толық емес отбасы" механизмі үшінші не төртінші ұрпақта байқалуы мүмкін. Сол себепті, әркім өзінің шаңырағын сақтап қалуға тырысқаны жөн. Өйткені, болашақта туылатын немерелер де сол сценарийге бейім келеді. Жалпы, ата-анасы ажырасып кеткен жағдайда бала екеуімен де қарым-қатынасын үзбеуі қажет. Егер, әкесімен де, шешесімен де қатыса алмаса, солардың туыстарымен үнемі байланыста болғаны маңызды. Балаға өзінің шыққан тегін жамандамаған жөн, ол қандай болса да, өзінің тегінен алыстамауы керек.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары