Тікелей эфир

2,5 пайызбен 27 млн теңге: Ауыл тұрғындары қалай шағын несие ала алады?

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Бірқатар өңірде несие беру бағдарламасы басталды. Кредитті барлығы 11 мың адам алады.

2022 жылы Жамбыл облысында басталған "Ауыл аманаты" пилоттық жобасы биыл бүкіл өңірді қамтитын бағдарламаға айналды. Соған орай, 2023 жылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру мақсатында қазақстандықтарға микронесие беріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазірдің өзінде Ақтөбе мен Түркістан облыстарында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы халыққа микрокридеттер беріліп жатыр.

Осы орайда Информбюро порталы АШМ баспасөз қызметінің ресми сұраухатқа берген жауабына сүйене отырып, бағдарламаның шарттары мен үміткерлерге қойылатын талаптарды түсіндіреді.

№1. Микрокредит шарттары қандай?

  • микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 жылға дейін;
  • микрокредиттің ең жоғары сомасы – ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда – 2,5 мың АЕК-ке дейін (8 625 000 теңге), зәкірлік кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК-ке дейін (27 600 000 теңге);
  • номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды;
  • кепіл қою;
  • ҚР салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркелу. 

№2. Шағын несиені кімдер ала алады?

Микрокредит алуға үміткерлер:

  • ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер;
  • зейнет жасына жетпеген қысқартылатын жұмыскерлер;
  • жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар және / немесе әрекетсіз жеке кәсіпкерлер;
  • отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар;
  • сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті өз бетінше жүзеге асыратын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұлғалар;
  • табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері.

№3. Микрокредит қай мекеме арқылы беріледі?

Микрокредиттер сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы халыққа беріледі. Сенім білдірілген өкілді бюджет заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган айқындайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік деңгейде бағдарламаны әзірлегенімен, оның жанында микрокредит беретін ұйым жоқ. Сондықтан ақшаны бөліп беру, микрокредитті үлестіру, жобаларды таңдау әкімдіктердің мойнында. АШМ түсіндіруінше, микрокредиттер әкімдіктерге қарасты әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) арқылы беріледі. ӘКК құжаттар, өтінім қабылдау тәртібін анықтап, микрокредит алатын үміткерлерді іріктейді. 

Микрокредиттер беру тәртібі, негізгі шарттары, тәсілдері, үміткерлердің санаттары, қарыздардың мерзімдері мен сомалары сенім білдірілген өкіл шешімімен белгіленеді және кредиттік шартта көрсетіледі. Үміткерлерді сенім білдірілген өкіл тапсырма шартына сәйкес айқындайды. 


Оқи отырыңыз: Ауыл тұрғындарына арналған микрокредит: 2023 жылға 52 млрд теңге бөлінді 


№4. Қандай құжаттар қажет?

Үміткер сенім білдірілген өкілге келесі құжаттарды өткізеді:

  • өтініш;
  • жеке басты куәландыратын құжат;
  • несие тарихы мен есеп туралы ақпаратты беруге келісімі;
  • мемлекеттік/мемлекеттік емес органдарға, БАҚ-қа берілген микрокредит туралы ақпаратты, мәліметтерді және кредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалу-орындалмауы туралы барлық мәліметтерді беруге және алуға келісімі;
  • бизнес-жоспар;
  • қарыз алушының уәкілетті органының микрокредит алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі;
  • мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушілердің келісімі;
  • қызмет көрсететін банктен шоттың бар екені туралы анықтама;
  • несиелік берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болса);
  • қарыз алушының жалақысын және/немесе өзге де кірістерін растайтын құжат (зейнетақы қорынан үзінді көшірме);
  • бағалау туралы есеп;
  • кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

№5. Өтінім қанша уақыт қаралады?

Сенім білдірілген өкіл микрокредит алуға үміткер ұсынған құжаттардың мазмұны мен мәліметтерін құжаттар тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде тексереді. Құжаттар мен олардағы мәліметтер микрокредит беру шарттарына сәйкес келмесе себебін көрсете отырып, микрокредит алуға арналған құжаттар топтамасын үміткерге қайтарады.

Құжаттар талаптарға сай келсе өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде ұсынылған бизнес-жобаға бағалау жүргізеді және микрокредит беруді мақұлдау не бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Микрокредит беру мақұлданса сенім білдірілген өкіл үміткермен микрокредит беру туралы шартқа қол қойып, қаржыны шотына аударады. 

№6. Қаржының мақсатты жұмсалуы қадағалана ма?

Сенім білдірілген өкіл ай сайын ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға микрокредиттердің нысаналы пайдаланылуы туралы есеп береді. Есепте қарыз алушы туралы мәліметтер, жоба атауы, микрокредит сомасы және берілген күні, қарыз қаражатының нысаналы мақсаты мен оны мақсатты пайдалану туралы ақпарат бар.


Оқи отырыңыз: 2023 жылы ауыл тұрғындарына берілетін микронесие саны 15 мыңға дейін артуы мүмкін


№7. Кредитті өтеуге каникул беріле ме?

Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу жөніндегі жеңілдікті кезең микрокредиттеу мерзімінің ұзақтығының үштен бірінен, яғни 20 айдан аспайды.

№8. Биыл қанша адам микрокредит ала алады?

Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы:

  • 2023 жылы 52,4 млрд теңге бөлінді, 11 мың микрокредит беріледі;
  • 2024 жылы 74,6 млрд теңгеге 12 мыңнан астам микрокредит беріледі;
  • 2025 жылы 76,7 млрд теңге бөлінеді. 
Серіктестер жаңалықтары