Тікелей эфир

Заңсыз қоқыс үйінділері мемлекетке миллиард теңгеден астам шығын әкеліп отыр. Жаңа экокодекс мәселені шеше ме?

Фото: Алмаз Төлеке
Фото: Алмаз Төлеке
Республикадағы 3,5 мыңға жуық қоқыс полигонының 18 пайызы ғана санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкес келеді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ахметжан Пірімқұлов журналистермен бірге Алматы облысының Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарындағы қоқыс полигондарын аралады. Сапар барысында вице-министр заңсыз қоқыс үйінділері мәселесін шешу жолдары жайлы айтып берді. 

Қазақстанда жыл сайын 8,5 мыңнан астам заңсыз қоқыс үйіндісі анықталады. Елдегі 3,5 мыңға жуық қоқыс полигонының 18 пайызы ғана санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкес келеді.

Ал Алматы облысында 380-нен астам заңсыз қоқыс үйіндісі бар. Олардың кейбірі елдімекен, өріс, суқойма, ауыл шаруашылығына арналған жерлерде орналасқан. Әрқайсысының көлемі әртүрлі. Тұрмыстық қалдықтар ауа мен топырақты ғана емес, жер асты суларын да ластайды. Табиғаттан бөлек адам денсаулығына да зиянын тигізеді. 

Сондай орындардың бірі Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген ауылының шетінде орналасқан. Жасыл шөп пен гүлге толы Іле Алатау баурайынан тау-тау боп үйілген қоқыс үйіндісін кездестіруге болады. Аудан әкімдігі үйінді тоқсаныншы жылдардың басында пайда болғанын айтады. Ауданда заңды қоқыс полигоны жоқ. Түрген тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды осында әкеп тастайды, ал жергілікті билік жолды қоқыс жауып қалмауы үшін аумақты аптасына бір рет тазалайды. 

Жергілікті билік бұл мәселеге қоқыс өңдейтін зауыттың болмауы ғана емес, адамдардың мәдениеті де әсер ететінін айтады. Ауданда қалдықтарды уақытша сақтайтын 31 қойма бар. Алайда тұрғындардың бәрі бірдей оны пайдаға жаратпайды.

Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов айналаны қарап жүріп мұндай мал жайылатынын және қалдықтарды тұтынуы мүмкін екенін айтады. Ал бұл адамдар жейтін ауыл шаруашылығы өнімдеріне әсер етуі мүмкін.

"Үйінділер шағын болса, әкімдік өз күшімен тазалайды. Адамдар тағы қоқыс тастап жүрмеуі үшін кордондар қояды. Бір жерлерде үйінділер бұрыннан бар. Тұрғындар қоқысты жылдап бір жерге төге береді. Бұған жергілікті атқарушы органдардың да кінәсі бар. Олар полигон құрылысына уақытында учаске бөлмеген", – деді ол.

Алматы облысы аумағындағы заңды қоқыс полигондарында жұмыс істейтін кәсіпорындардың кейбірінде рұқсат беретін қажет құжаттары жоқ, кейбірі экологиялық нормаларға сәйкес келмейді. Ал қалдықтарды сұрыптау көрсеткіші мәз емес.

Талғар ауданындағы Ават ауылы маңында екі үйінді бір-біріне қарама-қарсы орналасқан. Кеңес заманында бұл жерді қазып құрылыс материалдарын алған. Содан қалған терең шұңқырлар бүгінде қоқыс тастауға пайдаланылады. 

Полигонның бірінде күніне 10 тоннаға дейін қоқыс өртеуге қауқарлы экологиялық талаптарға сай келетін пеш бар. Жұмысшылар қоқысты мұқият сұрыптайды. Қағаз, пластик, шыны секілді қайта өңдеуге болатынның бәрі бөлек жиналады. Алдағы уақытта бұл жерден макулатурадан дәретхана қағазын, пластиктен тас төсеуіш жасайтын өндіріс ашу жоспарланған.

Көрші полигонды басқаратын "Экосервис групп" ЖШС басшылары қалдықтардың шамамен 20-30%-ы сұрыпталатынын айтады. Бір күнде полигонға 20-30 тонна қалдық әкелінеді.

2021 жылы 1 шілдеде қалдықтарды кәдеге жарату мәселелерін шешуге бағытталған жаңа Экологиялық кодекс күшіне енеді. Мысалы, тұрмыстық және қауіпті қалдықтарды өңдейтін кәсіпорындардың міндетті түрде лицензиясы болуы керек және кешендер еуропалық стандартқа сай болуға тиіс. Жүргізушілер қалдықтарды кез келген жерге төгіп кетпеуі үшін қоқыс таситын машиналарға GPS-хабаршылар орнатылады. Қоқыс екі реттік сұрыптаудан өтеді, ең алдымен пластик, шыны, картон секілді қайталама шикізаттар шығарылады. Содан кейін пестицидтер, химреактивтер, радиоактивті қалдықтар, құрылыс материалдары секілді кәдеге жарамайтын қалдықтар міндетті түрде сұрыпталады. 

Қоқыс сұрыптайтын, өңдейтін және кәдеге жарататын өндірісті қаржыландыру мақсатында вице-министр қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифтері көтерілуі мүмкін екенін айтады. Бүгінде ресублика бойынша орташа тариф бір адамға айына – 200 теңге. Ең жоғарғы тариф Алматыда – 553 теңге. Ең төмені Маңғыстау облысында – 84 теңге. Ал бұл қаржы қоқыстарды әкетіп, полигонға жеткізуге ғана жетеді. Полигон аумағын жинау, қоқысты сұрыптай және қайта өңдеуге мүлдем қаржы қалмайды. 

Вице-министр адамдардың экологиялық мәдениеті мен сауатын арттыру маңызды екенін атап өтті. Себебі, қоқыс шығаруды азайтуға тырысу қажет. 

Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың қалдықтар көлемін азайтудың бірден бір жолы – қалдықтарды энергияға айналдыру.

"Бұл бір-ақ күндік мәселе емес екенін көрдіңіздер. Мұны жүйелі түрде шешу керек. Энергетикалық кәдеге жарататын зауыт құрылысы арқылы қордаланып қалған мәселенің барлығы шешімін табады деп айта алмаймыз. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен экологиялық нормативтерге сай келетін қазіргі заманғы қоқыс полигондарын салу қажет", – деді Ахметжан Пірімқұлов. 

20 мамырда Экология министрлігі қалдықтарды энергияға айналдыру жобалары бойынша аукциондық сауда-саттық жариялады. Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Шымкент қалаларында Waste to Energy кешендерін ске қосу жоспарланып отыр. Зауыт құрылысына инвесторлар тартылады. Алты кешеннің құрылысына тартылатын инвестицияның жалпы көлемі – 181 миллиард теңге.

Министрлік мәліметінше, қоқыс полигондарының баламасы – тұрмыстық қалдықтарды басқаруға арналған жүйені енгізу арқылы мемлекеттік бюджетті 5 жыл ішінде 5,4 миллиард теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде 6 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жүйелі басқарылады.  

Энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі Waste to Energy жобасын іске асыру арқылы жыл сайын түзілетін 5 миллион тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мүмкін болмақ. Қайта өңдеу көлемі 1,65 миллион тоннаға дейін ұлғайып, нәтижесінде 2024 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіші 30%-ға жетеді. Аталған жобаны іске асыру мәселелері бойынша қоғамдық мониторингтік комиссия құрылады.

Ведомство қосымша "жедел" желіні (+7775 952 49 00) іске қосты. Бүгінде желіге 1 300 өтініш келіп түскен. 2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 787 қоқыс орны жойылған. Жыл сайын жергілікті атқарушы органдардың бюджетінен заңсыз қоқыс үйінділерін жоюға шамамен 100 млн теңге бөлінеді. Жалпы экологиялық залал 1 миллиард теңгені құрайды.

Серіктестер жаңалықтары