Тікелей эфир

Жер үйлерге улы газ дабылдатқыштары орнатылуы тиіс. Ол өрттен қорғануға көмектеседі. Құрылғыны қалай таңдау керек?

Арнайы іnformburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Арнайы іnformburo.kz үшін Дина Лидің иллюстрациясы
Дабылдатқыш улы газ шыққанда дыбыс шығарып белгі береді. Құрылғыны пешпен жылытатын үйлерге орнатуға кеңес беріледі.

Қазақстанда соңғы жылда 30 мыңнан астам өрт тіркелді, 815 адам қайтыс болды, оның кейбірі газданан уланған. Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше:

  • 2017 жылы 15 438 өрт болды, 352 адам көз жұмды;
  • 2018 жылы – 14 567 өрт болды, 434 адам көз жұмды;
  • 2019 жылдың қаңтар айында – 768 өрт болды, 29 адам көз жұмды.

2019 жылғы мәліметтердің ішінде 4 ақпан күні Астанада бес баласы өрттен өлген Ситер отбасы туралы дерек жоқ. Осы қайғылы оқиғадан кейін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жер үйлерді аралап, улы газ дабылдатқыштарын орнатуды ұсынып жатыр. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға бұл құрылғыны демеушілер, жергілікті бюджет есебінен орнатып береді. Ал, қалғандарына өз қауіпсіздігі үшін газталдағыштарын сатып алу ұсынылып отыр. Құрылғы адамдардың өмірін қорғауға мүмкіндік береді. Ол үйде газдың концентрациясы көбейген жағдайда дыбыс шығарып,белгі береді.

Informburo.kz улы газдың дабылдатқышын қалай таңдау керектігін, оның бағасы жөнінде және оны қай жерге орнату керектігі туралы толығырақ айтып береді.

№1. Улы газдың дабылдатқышы деген не?

Бұл – пешпен жылытылатын үйлердегі ауаның құрамында улы газдың бар-жоқтығын анықтайтын құрылғы. Егер үйде улы газдың концентрациясы белгіленген көлемнен асып түссе,құрылғы дыбыс шығарып, сигнал береді.

Улы газ көзге көрінбейді, иісі мен дәмі жоқ, алайда уынан адамдар уланып, көз жұмады. Пештің дұрыс қаланбаған мұржасынан шыққан иістен адамдар түнде уланып, ұйқыдан оянбай қалады. Сондықтан құтқарушылар үйді жылыту пештеріне, қазандыққа, газ плиталары мен колонкасына дабылдатқыш орнату керек деп кеңес береді.

№2. Дабылдатқыштың жұмысы туралы

Ауадағы улы заттардың концентрациясы көбейіп кеткенде, одан қорғау жүйесі тұрғындарға қауіп төнгенін білдіріп, дыбыс шығарып, белгі береді. Детекторды пешке, қазандыққа, газ плиталары мен колонкалар тұрған ғимаратқа орнақан дұрыс. Егер үй үлкен болса, дабылдатқышты әрбір бөлмеге бір-бірден орнату қажет.

Құрылғы себепсіз жиі белгі беруі мүмкін. Өскемендегі көпбалалы отбасылардың бірінде осындай жағдай болды. Отағасы төтенше жағдайлар департаментіне жүгінген соң, өрт сөндірушілер ауаның құрамын тексерді. Нәтижесінде ғимаратта улы газдың концентрациясы белгіленген мөлшерден асып кеткені анықталды. Артынан пеште жарықшақтар мен тесіктер болған.

№3. Құрылғыны қай жерге орнату керек?

Түтін дабылдатқышын үйдің төбесіне орнатса, улы газдың детекторын ғимараттың қабырғасына бекітеді. Қондырғы бөлмелерде әр түрлі биіктікте:

  • Ас бөлмесінде, дәлізде – еденнен шамамен 0,5-1,5 метр биіктікте, адамның тыныс алу жолдары деңгейіне сәйкестендіріп;
  • Қонақ бөлмесінде – диванда отырған адамның беті деңгейінде;
  • Жатын бөлмеде – шамамен жастықтың биіктігіне сәйкес;
  • Балалар бөлмесінде – жүріп-тұрған кездегі бала бойына сәйкестендіріп орнатады.

Мамандар құрылғыны өндірушінің нұсқаулығына сәйкес орнатуға кеңес береді. Алайда, оны желдету жүйесі мен ауа өткізгіштерге жақын орналастыруға болмайды.

Көпқабатты үйлерде дабылдатқышты әр қабатқа бекіту керек. Мүмкіндік болса, әрбір жатын бөлмеге. Егер құрылғыны жуынатын бөлмеге қойса, ылғалды ғимараттарға орнатуға болатындығы туралы оның IP деген белгісі болуы керек.

Құрылғыны гаражда, ас бөлмесінде, қазандықта, жуынатын бөлмелерге және температурасы 10 градустан төмен және 40 градустан жоғары болатын басқа да бөлмелерге орнатпайды. Құрылғыны бояуға, ағартуға болмайды. Ең дұрысы, орнатқан жер тегіс болсын.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: В частном доме должен быть датчик угарного газа – это поможет избежать пожара. Как его выбрать?

№4. Улы газ дабылдатқышының бағасы

Құрылғының құны 5 мыңнан 140 мын теңгеге дейін. Бағасына оның қосымша атқарымдары да әсер етеді: жапсарлас аккумулятор (пайдалану мерзімін ұзартатын); LCD-экран; құрылғыны мобильді телефонмен байланыстыру мүмкіндігі.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті құрылғыны өртке қарсы қондырғы сату лицензиясы бар мамандандырылған дүкендерден ғана сатып алуға кеңес береді. Қорғаушылар оны хабарландыру сайттары мен "қолдан" алмау керектігін айтады.

№5. Құрылғының қызмет көрсету мерзімі қандай?

Орташа есеппен 5-7 жыл, алайда кейбір дүкендерден 3 жылға дейін жұмыс істейтіндерін де табуға болады. Қызмет көрсету мерзімі аяқталғанын құрылғының өзі дыбыс шығарып не жарық беріп хабарлайды. Кейбірінің экранында "End" деген жазу пайда болады.

№6. Құрылғыны кімдерге тегін орнатып береді?

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға. Жер үйлерде құрылғыны міндетті түрде орнату керектігі туралы талаптар ешбір заңда жазылмаған. Сондықтан оны орнату әр түрлі үкіметтік емес ұйымдардың, демеушілердің, кей жағдайда жергілікті атқарушы органдардың қаржысы есебінен жүргізіледі. Қазақстанда соңғы екі жылда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 1 мыңға жуық құрылғыны қойып берген.

№7. Газдан улану белгілері

Егер адам ұйықтап жатпаса, газдың иісінен уланғанда оның келесі белгілері байқалуы мүмкін:

  • Дәрі ішсе де кетпейтін бас ауырады;
  • Жеңіл бас айналу және ғимаратта бағытынан адасады;
  • Жүрек айниды, құсқысы келеді;
  • Көзі қарауытады;
  • Бұлшықеттері әлсіреді;
  • Естен танып, құрысып қалады.

Улану деңгейі ғимараттағы улы газдың көлеміне тікелей байланысты:

  • Егер көміртек монооксидінің мөлшері 0,08%-дан аспаса, жеңіл әлсіздік пен ұйқы басады;
  • Егер одан жоғары болса, бас ауырады, бас айналады, жөтел пайда болады. Кей жағдайда мұрынның шырышты қабаты зақымданады, терісі бозарып, жүрек қағысы бұзылады.
  • Газдың иісі 0,32%-ға дейін көбейсе, естен танып, комаға түсіп, сал болып қалады. Жарты сағаттан кейін өліп кетеді.
  • Газдың иісі 1,2%-ға жетсе, адам үш минуттан соң өледі.

Әсіресе, газдың иісі тыныс жолдарының созылмалы ауруы бар адамдарға, жүкті әйелдерге, балалар мен қарттарға өте қауіпті.

Авторы Зарина Жақыпова.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары