Ақтөбе облысында жол құрылысы барысында елеулі кемшіліктер анықталды
Ақтөбе облысында автомобиль жолдарын салу және жөндеу мониторингі барысында жол жобаларын жоспарлау кезінде елеулі кемшіліктер анықталды, деп хабарлайды Антикор.
Биыл бюджеттен шамамен 600 миллион теңге бөлінген "Мәртөк – Дмитриевка – Байторысай – Полтавка" жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғанға дейін 4 шақырым жол жарамсыз болып қалды.
Жобада айналма жол қарастырылмағаны анықталды.
"Нәтижесінде мердігер инертті материалды жаңа жол жамылғысы арқылы тасымалдаған. Сонымен қатар келісімшарт жасасу кезінде мердігер үшін екі жылдық кепілдік міндеттемелердің орнына бір жыл ғана белгіленген", – делінген хабарламада.
Талдау қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының әкімдігі орташа жөндеудің кепілдік мерзімін қайта қарады, жол жабынын қалпына келтіру мәселесі бойынша мердігерге қатысты талап арыз берілді.