Ірі қарадан бруцеллез анықталған Қостанай облысындағы ауылға шектеу енгізіледі
Қостанай облысының Қамысты ауданына қарасты Қамысты ауылында ірі қарадан бруцеллез ауруы анықталды. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Қамысты ауылдық округінің әкімінің шешім-жобасында жазылды.
"Қостанай облысы Қамысты ауданы Қамысты ауылындағы №1 шалғайдағы табында (Р. Хусаинов) ірі қара мал бруцеллезінің пайда болуына байланысты шектеу іс-шаралары белгіленсін. Анықталған эпизоотиялық ошақта ветеринариялық-санитариялық қолайлы жағдайға қол жеткізуге арналған қажеттi ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар жүргізілсін", – деп жазылған құжатта.
Әкімнің шешім-жобасын ашық талқылау уақыты бүгін аяқталып, ауылдық округ әкімі қол қойған соң құжат заң жүзінде күшіне енеді.
Құжатта ауылдық округ әкімі шешімнің орындалуын өзі бақылап отыратынын жазған.
Оқи отырыңыз: Солтүстік Қазақстанда ірі қара малдан жаппай бруцеллез анықталып жатыр.