СҚО колонияларында алимент бойынша борышкерлер жұмысқа орналасты
СҚО колонияларында алимент бойынша борышкерлер жұмысқа орналастырылды, деп хабарлайды бас прокуратура.
"Алимент - балаға, жұбайына, ата-анасына және басқа отбасы мүшелеріне заңмен төлеуге міндеттейтін материалдық қолдау түрлерінің бірі. Сондықтан да облыс прокуратурасы алимент төлеудің уақтылылығына ерекше көңіл бөледі", – делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысындағы түзеу мекемелерінде алимент бойынша 39 борышкер жазасын өтеп жатыр. Талдау аясында кәмелетке толмағандардың құқықтары қалпына келтірілді.
Оқи отырыңыз: 20 миллион теңге: Жетісу облысында алимент төлемегендерге қатысты қылмыстық іс қозғалды
"Сотталған К.-ның № 50 мекемеде жазасын өтеу кезінде жұмыс істемейтіні және қызын асырау үшін 1 миллион теңгеден астам қарызы бар алимент бойынша борышкер екені анықталды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде сотталушы ЖК "Щеголев"-ке жұмысқа орналастырылды. Тексеріс барысында қабылданған шаралармен жалпы қарыз сомасы 22,4 млн тенге құрайтын алимент бойынша барлығы 11 борышкер жұмысқа орналастырылды. Атап айтқанда, №48 мекемеде қарыз сомасы 18,8 млн теңгені құрайтын 6 сотталушы, №51 мекемеде 2,5 млн теңге қарызы бар үш борышкер, №50 мекемеде 2,1 миллион теңге қарызы бар 2 борышкер жұмысқа орналастырылды", – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда алимент бойынша барлық борышкерлер жұмысқа орналастырылған, аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда және облыс прокуратурасының бақылауында.