Маңғыстау облысында ата-аналар білім бөлімінің қызметкеріне алдандық деп шу шығарды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жас маман оқушыларды лагерьге апарамын деп аудан халқынан қаражат жинап, ұшты-күйлі жоғалды дейді шағымданушылар. Сан соғып қалдық деген тұрғындар мемлекеттік мекеменің қызметкері ақшамызды қайтарып берсін деп отыр.
Эльмира Әнетова баласын лагерьге жіберемін деп қаражатынан айырылғандардың бірі. Тамыз айынан бастап ұлының құжатын дайындап, әдістемелік орталықтың маманына 40 мың теңге аударыпты. Аудандағы білім бөлімінің қызметкері оқушылар Алматыға 20 күнге демалысқа барады деп сендірген. Сол уақыттан бері төрт ай өтіпті.
"Тездетіңіз деп кешке дейін жанықтырды мені. Бүгіннен қалдырмаңыз деп содан мен тіпті көршілерімнен қарыз алдым. Әне кетеді, міне кетеді деп келе жатыр. Маған сылтау айтқанда бірінде сіздерден кішкене мектебіңізден ақаулар шығып жатыр деді. Тағы бірінде атам қайтты деді. Соның шаруаларымен жүрмін. Сіздерді тіркей алмай қалдым, айып етпеңіздер, келесіде міндетті түрде сіздерді тіркеймін деді", – дейді Ақшұқыр ауылының тұрғыны Эльмира Әнетова.
Эльмира қалтасындағы қаржысын санап берген жалғыз адам емес. Одан бөлек ауданның 10 мектебінің оқушылары да осы лагерьге баруға дәмелі болған. Бірақ ақыр аяғында ата-аналар алданғандарын түсініпті.
Аудандық білім бөлімінің басшысы қарамағындағы қызметкерінің әрекетінен бейхабар болдық деп ақталды. Шенеунік жас маман алаяқтық жолмен ақша жинаған деп отыр. Себебі, лагерьге квота тек тегін беріледі екен.
"Жалпы облыс бойынша берілетін квота бар. Бұл сол квотадан асып, ешкімге білдіртпей, өзі астыртын чат құрып, бірнеше чат құрған ата-аналармен сол ата-аналардан алаяқтықпен ақша жинап, жымқырып, бірақ ешқандай баланы лагерьге жібермеген. Енді қазіргі таңда біз құзырлы органдарға шағымданып, енді солар айналысады", – деді Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаева.
Қазір шығын көлемі есептеліп, қаражатты қайтару бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Ал талай адамды сан соқтырған қызметкер уақытша жұмысынан шеттетілген. Білім бөлімінің мәліметінше, ол Түпқараған ауданындағы 10 мектептің ата-аналарынан ақша жинаған екен.
Пікірлер