Қазақстан-Ресей шекарасында жүк көліктері ұзын-сонар кептелісте тұр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Тауар тасымалдаушылар көрші елден бергі бетке өте алмай қалған. "Жайсаң" өткізу пунктінің алдындағы жағдайға Ресей тарапынан бақылаудың күшеюі себеп екен.
Ақтөбе облыстық кірістер департаментінің мәліметінше, желтоқсан айынан бастап Маштакова-Озинки және Сырым-Тасқала өткізу бекеттерінде тексеріс күшейген. Кірген-шыққан жүргізушілерді биометриялық аутентификациядан өткізіп жатыр. Демек, саусақ іздері мен жеке деректеріне мұқият қарайды.
Сондықтан жүргізушілер балама жол іздеп, Сагарчин өткізу бекеті арқылы Қазақстанға келуді көздейді. Ал бұл бекетте көліктер жүретін екі жолақ қана бар. Бірақ Қазақстан аумағында кептеліс жоқ дейді.
"Сол авто өткізу пунктінде желтоқсан айының басынан бастап кірген шыққан жүк тасымалдау, жеке тұлға болсын барлығын биометриялық аутентификация, яғни, саусақ іздері мен көз торшасының анализдерін алғанынан болған. Сол уақыт алатын себептен Ресей жағынан келе жатқан жүк тасымалдаушылар альтернатива іздеп біздің Жайсаңнан кірмек болып, Сагарчи өткізу пункітін таңдаған. Сол себептен қазіргі таңда Ресей жағында кептеліс сол себептен жиналып тұр", – деді Ақтөбе облыстық кірістер департаментінің басқарма басшысы Бақытжан Маханов.
Пікірлер