
Үкіметтен үміт үзген шығысқазақстандықтар өздеріне ыңғайлы жұмыс кестесін құрып алды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қазір Қатон-Қарағай ауданының тұрғындары үшін жұмыс күні таңғы 8:00-де басталып, кешкі 17:30-да аяқталады. Жаңа тәртіпті өңірдегі 40-тан астам мекеме қолданып отыр.
Ал әкімдік өкілдері бастама оң нәтиже берсе, өзге аудандарды да осы жүйеге ауыстыруға әзірміз деп отыр.
Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшкелі бері, әсіресе шығыс өңірлерінің тұрғындары қарсылық білдіріп, тіпті үкіметті де сотқа берген. Олар балалар мектепке қараңғыда барып, қас қарайғанда қайтады деген еді. Ал тіршілігі төрт түлікке байланған ел малды жайғап үлгермейтінін айтқан.
Ақыры, не керек, жергілікті халық биліктің шешімі өзгермейтінін білді ме, жұмыс кестесін ыңғайластырып беруді сұрап, өтініш жазған. Енді Қатон-Қарағай ауданындағы 40-қа жуық мекеме үшін жұмыс күні бір сағатқа ерте, яғни таңғы 8-де басталып, кешкі 17:30-да аяқталады.
"Күн бізде бірінші шығады. Сондықтан, жұмысымызды ерте бастап, ерте бітірсек кешкі уақытымызда созылады. Содан жұмыс өнімдігі де артады деп сенеміз", – деді ШҚО тұрғыны Ертай Кешілбаев.
Тұрғындардың айтуынша, жұмыс күнінің ертерек басталуы – еңбек өнімдігін арттырады. Ал егер жоба тиімдігін көрсетсе, жаңа тәртіп сақталуы мүмкін.
Пікірлер