Тікелей эфир

Алматыда сауда үйлері мен базарларда халықты коронавирусқа қарсы вакцинациялау мүмкіндігі қарастырылуда

Қала емханаларында 35 вакцина бөлмесі бар. Тағы 15 екпе салу пунктін ашу жоспарлануда. Оның ішіне жеке медициналық орталықтар кіреді.

Алматыда сауда үйлері мен базарларда тұрғындарды вакцинациялау мәселесі қарастырылуда. Бұл туралы Алматы Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі, телемедицина орталығының директоры Лаура Мырзағали мәлімдеді.

"Бүгінгі таңда қаладағы емханаларда 35 екпе салу кабинеті жұмыс істейді. Оған қосымша тағы 15 пункт ашу жоспарланған. Олар жеке медициналық орталықтарда орналастырылады. Сондай-ақ, біз сауда үйлерінде, базарларда халықты вакцинациялау мәселесін пысықтап жатырмыз", – деді Лаура Мырзағали.

Оның айтуынша, қазір нарықта вакцинациялау бойынша ұсыныс Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге талқыланып жатыр. Екпе салдыру пункттері ашылатын орындар анықталуда.


Оқи отырыңыз: Қазақстан Қытай мен Американың коронавирусқа қарсы екпесін алады. Халықты жаппай вакцинациялау қашан басталады?


Спикердің хабарлауынша, бүгінде екпелерді Денсаулық сақтау министрлігі айқындаған адамдар санаты алады. Олар: дәрігерлер, педагогтар, полицейлер, балабақша қызметкерлері, студенттер, диспансерлік есепте тұрған пациенттер. Ақпан айында қалаға 1750 доза, наурызда – 10 800 доза вакцина келіп түсті.

"Наурызда біз үшінші траншты, яғни 16 200 дозаның 3 200-ін алдық. Тағы да екпені жеткізуді күтеміз. Сәуір айында біз 65 200 дозаны, мамырда – 65 200, ал маусымда – 67 000 дозаны аламыз", – деді Лаура Мырзағали.

Серіктестер жаңалықтары