Тікелей эфир

"Жыл сайын 60 млрд теңгені жерге көмеміз". Экологпен сұхбат

Пәкизат Сайлаубекова. Сурет Пәкизаттың жеке архивінен алынды
Пәкизат Сайлаубекова. Сурет Пәкизаттың жеке архивінен алынды
Қазақстандағы 3 мыңнан астам қоқыс полигонының үш-төртеуі ғана халықаралық стандартқа сәйкес келеді.

Эколог, экобелсенді және ихтиолог Пәкизат Сайлаубекова Greenup.kz қоғамдық қорының әлеуметтік-экологиялық "Recycle бірге" жобасын құрушылардың бірі. Жоба аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінде қалдық сұрыптау мәдениетін қалыптастыру үшін дәріс, шеберлік сабақтарын өткізіп, түрлі "жасыл жиын" – акциялар ұйымдастырады. Мұнымен қатар, ол қазақ және орыс тілдерінде қоқыс сұрыптауды үйреніп, экология тақырыбындағы білімін арттырғысы келетін қала тұрғындарына арналған қосымша әзірлеп жатыр. 

Пәкизат Сайлаубекова қоқыс сұрыптау мәдениетін қалыптастыру, елдегі қоқыс өртейтін, өңдейтін зауыттардың жұмысы және қалдық сұрыптау арқылы қалай ақша табуға болатыны туралы әңгімеледі. 

– Үй мен жұмыста қалдықты сұрыптау мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

– Аса көп орын алмайтындықтан және арнайы жәшік керек болмағандықтан, бірінші макалатураны сұрыптап алған тиімді. Кейін оны өткізетін орындарды анықтап көріңіз, осылай бірте-бірте отбасыңызда қоқыс сұрыптау мәдениеті қалыптасады. Үйде қоқыс сұрыптағанда ескеретін басты ереже – құрғақ және тамақ қалдығы секілді дымқыл қоқысты араластырмау. Құрғақ қоқыс дегеніміз – қағаз, шыны, әйнек, пластик, металл және тағы басқалар. Еуропа, АҚШ секілді елдерде стандартқа сәйкес, қоқыс контейнерлері бірнеше түске бөлінеді. Ал бізде әзірге сары түсті жәшікке құрғақ, жасыл түсті контейнерге тамақ қалдықтары және тағы басқа саламыз. 

– Адамдар өз қаласындағы қоқыс тапсыру пунктілерін қайдан көре алады?

– Қазақстандықтар қалдық тапсыру орнының мекенжайы мен байланыс нөмірін 2gis.kz, recycle.kz сайтынан және Google, Яндекс секілді іздеу жүйелерінен таба алады. Біріншісіне барлық Қазақстан бойынша пунктілер енгізілген, ал екінші "Жасыл даму" сайтында барлық қалдық өңдейтін компанияның тізімі бар. Дәл қазір көптеген өзгеріс енгізіліп жатқандықтан, жұмыс кестесін алдын ала телефон арқылы хабарласып нақтылаған артық болмайды. Мұнымен қатар, әр қаладағы экология бөлімшелеріне сұратым жіберу арқылы білуге болады және Ecosen қосымшасында 6 қаладағы қоқыс тапсыратын пунктілердің мекенжайы көрсетілген. 

Сурет: Пәкизат Сайлаубекованың жеке архивінен

– Бірер жыл бұрын мектептер мен университеттерде экология тақырыбында дәріс оқып, шеберлік сабақтарын өткіздіңіздер. Бұл жұмыстар әлі де жалғасып жатыр ма?

– 2021 жылы әріптесім Кристинамен бірге Қазақстандағы қалдықтар мәселесі, зияны, оны сұрыптаудың маңызы тақырыптары төңірегінде тегін сабақтар өткіздік. Мұнымен қатар, ойындар ойнатылды, түрлі сыйлық берілді және оқушылармен бірге сұрыпталған қалдықтан түрлі бұйым жасадық. Осы жоба аясында үш тілде арнайы нұсқаулық жасап шығып, оны сайтқа орналастырдық. Дәл қазір барлық адам үшін қолжетімді. 

– Яғни қазір де мектептерге шақырса, баруға әзірсіздер ме? 

– Иә, мүмкіншілігіміз бен жоспарымызға қарай ұсыныстарды қуана қабыл аламыз. Мысалы, биыл жоспарымызға осылай екі-үш мектепке баруды енгіздік. Экология тақырыбындағы сабақтарды ақысыз негізде өткіземіз. 


Оқи отырыңыз: Шприц, маска, ағза мүшелері. Медициналық қалдықтарды қалай қауіпсіз жоюға болады?


– Сұрыпталмаған қоқыстың нақты қандай зияндары бар?

– 2020 жылғы статистикаға сәйкес, Қазақстанда жылына 5-6 млн тоннаға дейін қалдық пайда болатыны белгілі. Ал сол уақытқа дейін біз жалпы 128 млн тонна қалдық жинағанбыз. Осының ішінен макалатура, пластик және шыны ыдыстарды сұрыптап, қайта өңдеуге болатын еді. Сондай-ақ, азаматтарда бір кг макалатура үшін 25-30 теңге алу мүмкіндігі бар. Әрине, бұл көп ақша емес, десе де кей адамның керегіне жарайды. Осылайша біз 60 млрд теңгені жерге көміп жатырмыз деуге болады, яғни бұл – қоқыс сұрыптамаудың экономикалық салдары.

Тағы бір мысал: Біз 150 теңгеге бір бөтелке су сатып алғанда, оның 30 пайызын суға, қалған 70 пайызын бөтелке үшін төлейміз. Егер қайта өңделген пластик болғанда су мен сусынның құны әлдеқайда арзан болатын еді. Екіншіден, құрғақ және дымқыл қоқыстың араласуы адамдар және полигонды аралайтын жан-жануарлар арасында түрлі вирустық аурудың тарауына әкеледі. Үшіншіден, жаңбыр және қар суымен бірге қоқыс жерге сіңіп, жерасты суларына дейін баратыны белгілі. Ол суды біз де, төрт түлік мал да ішеді. Бұдан өзге жүздеген жыл бойы шірімейтін қалдықтарға жануарлардың қақалып өліп жатқаны бар.

– Халық экология туралы қосымшаларыңызды қашан пайдалана алады?

– Бастапқыда ақпаратты QR-код арқылы алатындай жасағымыз келді, алайда бұл жасанды ақылмен байланысты болғандықтан, көп қаражатты талап етті. Қолда бар қаражатты ескеріп қосымша жасаймыз деп шештік. Әзірге орыс тілінде дайын тұр, бірақ міндетті түрде қазақша нұсқасы болады. Біз үшін ең маңыздысы қай тілде болса да, халыққа пайдасының тиюі. Аталған қосымшада экология тақырыбына қатысты сауалдардың жауабы жазылады.

Мысалы, қалдық сұрыптауды енді үйреніп жүрген адам үшін қандай ыдыстағы сүтті сатып алған тиімді және бұл қаптаманы қайда апарып өткізе алады? Мұндайда тетрапакетке қарағанда қаңылтыр ыдыс тиімді дегендей. Мұнымен қатар, міндетті түрде қоқыс сұрыптайтын орындардың мекенжайы мен байланыс нөмірі жазылады. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Pakizat Sailaubekova (@mrs.greenpeace)

– Қазақстанда қалдық өңдейтін зауыттар жеткілікті ме? Олар көбіне қандай қоқыстарды өңдейді?

– Қалдық сұрыптамайтын, скептик адамдар мұндай зауыттар жоқ деп айтады, алайда бізде мұндай зауыттар бар. Қоқысты жинап алатын және сұрыпталған қоқысты алып өңдейтін зауыттар мен компаниялардың жұмысы бір-біріне тәуелді емес. Бұрын көлік дөңгелегінің резеңкесін жасап шығаратын орындар көп болатын, қазір азайып қалды. Тек макалатурадан картон, дәретхана қағазын, пластик пен шыныдан бұйым мен түрлі ыдыс жасайды. Мұндағы басты мәселе қоқыс өңдейтін зауыттарға шикізаттың жетіспеуінде. Жұмыс бір жүйеге қойылуы үшін оларға тонналаған сұрыпталған қоқыс қажет. 

– Осындай қоқыс жинайтын және өңдейтін зауыттарда жұмыс істейтін жұмысшыларға өтемақы төлене ме? 

– Қоқыстың ауаға тигізетін зияны мол, бұл өз кезегінде адам өкпесіне әсер етпей қоймайды. Сол себепті еңбек кодексінде өтемақы қарастырылған деген үміттемін, бірақ мұны нақты тексермедім. 


Оқи отырыңыз: Швецияға қоқыс шығар


– Экобелсенділер неліктен қоқыс өртейтін зауыттың құрылысына қарсы болды?

– Бұған дейін Алматыда 6 қоқыс өңдейтін зауыт салу жоспарланып, жемқорлық фактілері анықталған соң барлық жұмыс тоқтатылды. 2025 жылға дейінгі жаңа жоспарға тағы да қоқыс өртейтін зауыт салу пункті енгізілді. Қоқыс өртейтін зауыттардың салынуына қарсы болғанымыз, ауаның ластануына қатысты болған митингке шыққанымыз рас. Бірақ, экобелсенділер мүлдем зауыт салмау керек деп отырған жоқ, олар, алдымен, қоқысты өңдейтін инфрақұрылымдар соғылсын деп отыр. Бұл экономикамызға оң әсерін тигізіп қана қоймай, болашаққа қалатын қоқыс күлін азайтады. Қазір байқалмағанымен, ол келер ұрпақ үшін үлкен зиянын тигізеді. 

– Қазақстанда қоқыс өртейтін зауыттар жоқ болса, қазір өңделмейтін қалдықты не істеп жатыр?

– 2019 жылы экология министрлігі Қазақстанның әрбір шаршы метрін ғарыштан суретке түсіріп, 7 мыңнан астам қоқыс үйіндісін (свалка) тапты. Бұл тиісті емес жерге төгілген қоқыс орындары. Бұдан бөлек тіркелген 3 мың полигон бар, бірақ соның үш-төртеуі ғана халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Яғни, қоқысты бір жерден екінші жерге тасымалдаумен шектеліп жатыр. 

Сурет: Пәкизат Сайлаубекованың жеке архивінен

– Ал ауылдарда қоқыс утилизациясы мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Өзім де ауылда туып-өскендіктен, болашақта қоқыс сұрыптау мәдениетін ауыллдарда да қалыптастырғым келеді. Бірақ, қуанышыма орай, қазірдің өзінде мұны қолға алған әріптестерім бар. EcoCashback жобасының негізін қалаушы Владислав Голярко есімді досым Түркістан облысының Ақсукент ауылында бес қабатты үйде тұрды. Ауылға қоқыстан үлкен зиян келгендіктен, тұрғындарды қоқыс сұрыптауға шақырады. Оларды ынталандыру үшін әр килограмм қоқыс үшін ақша төлейді. Кейін тұрғындар қоқысты сұрыптаудан тапқан 20-30 мың теңгесіне ағаш сатып алып отырғызған. Әріптесім болашақта осы жобаны франшиза беріп Қазақстанның барлық үлкен-кіші өңірінде дамытпақ. Ақмола облысында да Seleu Consulting компаниясының да осыған ұқсас жобасы бар. 

– Шетелде көршілерінен қоқыс сатып алатын елдер бар ма? Қоқысты өңдеу, сұрыптау мәдениеті қай елде жақсы қалыптасқан?

– Бұл сауал бізге де қызық болып, Михаил Беляков есімді әріптесім екеуіміз "Үрейсіз экология" атты подкаст жүргізіп бастадық. Бірінші маусымында шетелде тұрып жатқан экобелсенділермен сұхбаттасып, оларда бұл мәселелердің қалай шешілгеніне жауап іздедік. Қоқыс сұрыптау мәдениетіне келгенде біз Жапония, Германия, Швеция, Швейцария, Голландия, Нидерланды елдерінен әлдеқайда арттамыз. Ресми статистика бойынша бізде қоқыстың 23 пайызы сұрыпталады, бірақ біздің зерттеуімізше тек 15%.

Ал жаңа атаған елдерде ресми деректерге сәйкес, қоқыстың 60-70 пайызы сұрыпталады. Алайда шетелдегі жергілікті экобелсенділер тек 35-40 пайыз қоқыстың сұрыпталатынын тілге тиек етіп отыр. Швеция Польша қалдығының 90 пайызын сатып алып, одан энергия өндіреді. Жапония өз кезегінде қалдықтарды жаңа технологиямен өңдейтін жасанды аралдар салып жатыр. Яғни шетелде қоқыс сұрыптау, өңдеу мәселесі бір жолға қойылған. 


Оқи отырыңыз: Ағаш үгіндісінен – аккумулятор. Отандық өндірісті дамытуға не қажет? 


– Неге Қазақстан қоқысты шетелге сатпайды?

– Швеция секілді дамыған елдерде қалдық сатып алуға қатысты нақты заңдары бар. Біз, өкінішке орай, сол заңдарда жазылған талаптарға сай келмейміз. 

– Экология жаңалықтары мен зерттеулерін оқуға болатын ресурстарды қайдан табуға болады?

– Экология тақырыбындағы ғылыми зерттеулер жинақталған Scopus секілді журналдар бар. Бізде мұндай журналдардағы мақалалар өкінішке орай интернетте жарияланбайды, тек ЖОО кітапханасынан көресіз. Алайда ecoinfo.kz, livingasia.online және ecostan.rocks сайттарынан өзіңізге керек көптеген сұрақтың жауабын таба аласыз.

Сурет: Пәкизат Сайлаубекованың жеке архивінен

– Жуырда мемлекет басшысының Рудный қаласына сапары кезінде әлеуметтік желіде "Президент келіп, қала қоқыстан бір тазарып қалды" деген сарындағы әзіл аралас жазбалар көп тарады. Шенеуніктер келетін кезде тазалық жұмыстарының басталатыны бұрыннан белгілі. Қоқыстың уақытылы шығарылмауының себебі не? 

– Бұл қаражат және жұмысшы жетіспеушілігімен байланысты. РОП кезінде мемлекет тарапынан берілетін субсидия көп болды, кейін Қаңтар оқиғасынан кейін мұның барлығы тоқтатылды. Мұнымен қатар, "Эко қолдау" деген секілді бағдарламалар қоқыс шығаратын және өңдейтін компанияларға қаражат жағынан көп көмектесті. Алайда дәл қазір мұндай көмек түрі жоқ, ал тарифті көтеруге жергілікті тұрғындар келісе бермейді. Ең үлкен тариф Алматы қаласында – 553 теңге, мұның өзі тұрғындардың қалтасын қағып отыр. Ал ресми жұмысы жоқ ауыл тұрғындары үшін бұл мүлдем қиын, оның үстіне өңірлерде аз ақшаға жұмыс істегісі келетін компаниялар жоқтың қасы. Аз жалақыға қоқыс арасында жұмыс істегісі келетін адамдар да азайып келеді. Бұлардан бөлек жемқорлық мәселесі белең алып тұр, яғни тендерді "біреудің туысы" ұтып, қаражатты алады, бірақ іс жүзінде жұмыс істемейді. Қазбалай беретін болсақ, мұның себебі көп. 


Оқи отырыңыз: Заңсыз қоқыс үйінділері мемлекетке миллиард теңгеден астам шығын әкеліп отыр. Жаңа экокодекс мәселені шеше ме?


 

Серіктестер жаңалықтары