Тікелей эфир

Банкрот деп танылғандар қаржылық сауат курсынан өтеді. Заң жобасында қандай өзгерістер бар?

Өзін банкрот деп таныған азаматтарға шетелге шығуға рұқсат берілмек.

Алматы тұрғындары банкке берешегін өтей алмаған қалалар бестігінде көш бастап тұр. Бір миллионнан астам адам несие алып, оның ішінде 160 мың адам несиесін 180 күнге дейін өтемеген. Оның ішінде 14 700 адамның несиесі коллекторлық бюроға тапсырылды. Микроқаржы ұйымдарынан несие алған тағы 231 мың адам төлем қабілетін қалпына келтіруге үміттеніп отыр, деп мәлімдеді ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің берешектермен жұмыс басқармасының сарапшысы Меруерт Сейсенбаева.

Сарапшы жеке тұлғаларды банкрот деп тану рәсімі мен заң жобасына қандай өзгерістер енгізіліп жатқанын түсіндірді.

Рәсімдер түрі қандай?

1. Соттан тыс банкроттық

Екінші деңгейлі банктер мен микрокредиттік ұйымдар және коллекторлар алдындағы берешек бойынша қабылданады.

  • ресми табысы жоқ азаматтар;
  • асырауындағы адамдарды (отбасы мүшелерін) қоса алғанда, табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар;
  • мүлкі, оның ішінде ортақ меншік мүлкі жоқ азаматтар;
  • банкпен мерзімі өткен берешекті реттеу жүргізілген азаматтар;
  • банкроттық 7 жыл ішінде қолданылмаған азаматтар.

Бұл рәсім түрін уәкілетті орган жүзеге асырады.


Оқи отырыңыз: "Мен – банкротпын": Қандай жағдайда қарызды қайтармауға болады?


2. Сот банкроттығы

  • банкпен мерзімі өткен берешекті реттеу жүргізілген;
  • банкроттық 7 жыл ішінде қолданылмаған;
  • берешек сомасы 1600 АЕК-тен асқан;
  • қарыздың барлық түрі кіретін;
  • төлемдерді 12 айдан астам уақыт кешіктірген азаматтарға қолданылады.

Рәсімнің ұзақтығы: 6 ай. Оны тағы 6 айға ұзарту мүмкіндігі бар.

"Егер барлық міндеттеменің мөлшері мүлік құнынан аспаса – төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі қолданылады. Мерзімі 5 жылдан аспайды", – деді маман. 

Оны қаржылық басқарушы жүзеге асырады.

3. Төлем қабілетін қалпына келтіру

  • борышкер активтерінің құны барлық міндеттеменің мөлшерінен асқан жағдайда қолданылады. 

"Үш рәсімде де жеке тұлға өзі бастамашылық етіп, банкроттықты қолдану немесе қолданбауды өзі шешеді. Несие беруші, банк тұлғаның үстінен арызданып, борышкерді банкрот деп тани алмайды", – деді Меруерт Сейсенбаева.


Оқи отырыңыз: Банктен қарыз алмас бұрын нені білген жөн? Несиеге қатысты 15 сұраққа жауап


Соттан тыс және сот банкроттығын қолдану салдары:

  • борышкерге мүлікті иеліктен айыру немесе жаңа міндеттемелер қабылдау бойынша мәмілелер жасауға (қарыздар алу, кепілдіктер беру және тағы басқа) тыйым салынады.

Несие берушілер үшін салдары:

  • борышкерден міндеттемелердің орындалуын талап етуге және борышкердің банктік шоттарынан ақшаны және мүлікті өндіріп алуға;
  • тұрақсыздық айыбын (өсімпұлдарды, айыппұлдарды) және сыйақыны есептеуге тыйым салынады;
  • борыштық міндеттемелердің мерзімі өткен болып есептеледі.

Соттан тыс және сот банкроттығы нәтижелері бойынша борышкерлер үшін салдары:

  • банктерден және микроқаржы ұйымдарынан 5 жылға қарыз алуға тыйым салынады;
  • тек 7 жылдан кейін ғана өзін банкрот деп тани алады;
  • банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде қаржылық жағдайы бақылауда болады;
  • банкрот деп танығаннан кейін бір жыл ішінде қаржылық сауаттылықты арттыру курсынан өтеді.

"Азаматтар өзін банкрот деп жарияламас бұрын оның ықтимал салдары мен шектеулер туралы ойлануы тиіс. БАҚ беттерінде шетелге шығуға болмайтыны немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынатыны туралы ақпарат тарады. Қазір заң жобасынан бұл тыйымдар алынып тасталды. Жоба аясында азаматтар банкрот деп танылған соң бір жыл ішінде қаржылық сауаттылық курсынан өтеді. Курс тегін және онлайн формат қарастырылып жатыр. Шамамен 1-5 күн уақытты алады. Қазір осы заң жобасын қарастырып жатқан депутаттар бұл курстарды азамат банкрот деп танылған соң, алғашқы 6 ай ішінде өткізуді ұсынып отыр. Бұл өте орынды ұсыныс. Сондықтан заң жобасына курстың өту уақытына байланысты өзгеріс енгізілуі мүмкін", – деді Меруерт Сейсенбаева.

Банкрот деп тану үшін құжатты қайда өткізу қажет?

  1. Борышкер банкроттық туралы өтінішті eGov арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығына ұсынады.
  2. Өтініш Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесіне түседі.
  3. Мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының деректерімен салыстыру жүргізеді.
  4. Параметрлерге сәйкес келген не сәйкес келмеген жағдайда хабарлама (банкроттықты бастау не бас тарту туралы) eGgov арқылы түседі.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 55 млн несие шарты жасалған. Қарыз иелерінің жауапкершілігін арттыру ұсынылды


Қарыз қандай жағдайда кешірілмейді?

  1. Алимент төлеу бойынша.
  2. Өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу бойынша.
  3. Рәсім барысында міндеттемелерді орындаудан жалтарғаны үшін борышкерді әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту кезінде.

"Егер азамат несие алғанша баспанасын кепілге қойса, онда оны кредитордың алу құқығы бар. Ал кепілге алынбаған болса, оған ешкімнің қол сұғуға құқығы жоқ", – деп ескертті ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.

Серіктестер жаңалықтары